«Темір» жалпы орта мектептің 1 қыркүйек - Білім күніне арналған салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Ә.Жүнісов пен білім бөлімінің басшысы Ж.Мұсатаевалар мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымын құттықтап алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде:1 қыркүйек тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
"Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғырту аясында ең бірінші, «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы алдағы уақытта өз мәресіне жететінін мәлімдеді. Әрине, бұл ұстаздар қауымы үшін үлкен мүмкіндік, әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын",-деді.
Сонымен қатар, осы мектептің түлегі атанған аудан басшысы өзіне білім берген ұстаздары Жантемір Қалдыбеков, Оңат Ортайларға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды.
Мерекелік шарада алғашқы қоңырау соғылып, жиналған көпшілік мектеп оқушыларының өнерлерін тамашалады.